iPad-қа 10 жыл!

Тимур Бектұр
4 min readJan 28, 2020

--

Кейбір адамдар Стив Джобсты айта бастасам, арқа-басы құрысып-тырысып, түрі өзгере бастайды. Себебі, олар үшін Стив Джобс жай ғана алаяқ маркетолог.

Кейбір адамдар Apple туралы айта бастасам, “Басталды…🤦‍♂️” дейді. Себебі, олар үшін Apple, тек қана, тауарын удай қымбатқа сататын компания.

Бірақ, мен үшін Стив Джобс, ол — технология әлемінің иконасы іспетті. Ол — ғасырда бір келер визионер! “Әрбір дербес компьютер кез-келген үйде болу керек” деген ұстанымы кезінде технология әлемінің серкелерін дүр сілкіндіріп, “Мынаның басы істей ме?” деген еді. Стив Джобстың қолы компьютер әлеміне тиді, революция жасады. Оның қолы музыка әлеміне тиді, iPod, iTunes, iMusic арқылы түйірлеп музыка сатуды өмірге әкеліп, музыка индустриясының магнаттарын таң қалдыра отырып, революция жасады. Оның қолы анимациялық фильмге тиді. Сөйтіп Pixar Оскарға лайық мультфильмдер шығарды және трендке енгізді.

Ақыр соңы ритейл әлеміне де қолын тигізіп, кең, ашық, әйнектен жасалған ғимаратта кез-келген адам шұқып, қолына ұстап қарап, қажет болса ойнап, тіпті шағын мастер кластар өткізіп барып құрылғы сату деген концепцияны да Samsung секілді бейшараларға үйретіп кеткен адам. Ал енді оның ультрабуктер әлеміне қосқан Macbook Air линейкасы әлі де үздік құрылғылар қатарына жатса, осыған дейін Microsoft бір бастап, бір тастап, істей алмай кеткен планшеттер әлеміне үлкен революция жасап, iPad атты құрылғыны әкелген болатын.

Өмірі Андройд құрылғыдан көз ашпаған адамдар Macbook, iPhone, iPad туралы айта бастасам, тыжырынып шығады. Бірақ, Apple отбасының технологияларын түгел қолданған өз басым үшін, оның технологияларында құрылғыдан бұрын кіршіксіз мінез, креатив аура, адамды шығармашылық пен әдемілікке және элеганттыққа тәрбиелейтін нәзік тін бар деп айтар едім.

Стив Джобс iPad пен iPhone құрылғыларын таныстырған кезде стилусқа қатты қарсы болды. “Құдайдың берген 10 саусағы жетіп жатыр. Компаниялар құрылғыларының экрандарын адамның саусағы басқанда жұмыс істете алмаған соң стилус дегенді ойлап тапты. Ал біз, Apple компаниясы, адамның саусағына жедел жауап жауап беретін, бір нүктені бассаң, айдаладағы нүкте басылатын емес, дәл сол өзің қалаған экран бөлігі басылатындай етіп жасаймыз. Сол үшін біздің құрылғыларды қолданғанда стилус мүлдем қажет емес” деген болатын.

Ол сөзінде тұрды. Смартфондары да, планшеттері де саусақпен жұмыс істеуге әбден ыңғайлы. Соның дүмпуімен кейін басқа мануфактуралар да амал жоқ экрандарын жетілдіріп, стилустан бас тартып, құрылғыларын ретке келтіре бастады. Бұл, “алаяқ” Стив Джобстың адамзат баласына бәсекелестік жасау арқылы берген сыйы еді.

Кезінде біз ебіл-дебіліміз шығып жүріп, қыжылдаған дисководтың ішінде соры қайнап жатқан флоппи дисктен уорд файлдарымызды әрең шығарып алатын едік қой? Сіздер білесіздер ме, сол дискет, негізі, заманының озық технологиясы болмады. Оның ZIP деп аталатын егізі болды. Өз көзіммен көріп, бір-екі рет қолданғам. Флоппи дискке 1,37 (1,44) мегабайт файл сыйса, ZIP-ке бақандай 100МБ кететін еді. Осы сәтте, папа-мамаңның немесе аға-апаңның жұмысындағы компьютерде күні-түні отырып жазған курстық не диплом жұмысыңды 4–5 флоппи дискіге архивация жасап бөліп сақтап, кейін принтерден шығаруға барған компьютерде ол ашылмай қалып, қаның ішілген уақытты көз алдыңа елестетші? ZIP дискета айналымға енген кезде, ондай ит өмірді көрмей кетер едік қой, ә?

Ендеше сол, технология әлемінде лоббизм мен маркетинг, конкуренция мен әбжілдік аса маңызды. Стив Джобс өзінің мінезімен, харизмасымен, кейде тіпті ит мінезімен, сондай-ақ, асқан кірпияз технологиялық көрегендігімен адамзат баласы ләззат алып қолданар гаджеттер мен құрылғыларды өмірге әкелді және Samsung, Microsoft, Intel, ASUS, LG сияқты өзге де можантопай, аяғын аю басып кеткендей қолапайсыз дүние шығарудан алдарына жан салмайтын компанияларға да сілкініс жасап, оларға челлендж ұсынып кеткен болатын.

Нәтижесін, сіз бен біз көріп отырмыз, ағайын. Сондықтан, Стив Джобс дегеніміз тек қана Apple компаниясы емес. Стив Джобс дегеніміз тұтас планшет, музыка, компьютер, ноутбук, құлаққап, қолсағат, анимация индустриясына дүмпу әкеліп, нарықтағы түгел ойыншыларға өзінің дегенін жасатып, өзгеріс әкелген адам. Сондай-ақ, Flash технологиясын өз қолымен өлтірген адам. Ол әрекеті web саласы мен қазіргі браузер бағдарламалар әлеміне үлкен серпіліс әкелді, адамдарға зор пайдасы тиді.

ZIP дискета, wikimedia

Иә, айтып отырғаным флоппи диск еді ғой. Бейшара ZIP дискетаны жасаушылардың Стив Джобс секілді “алаяқ” бастықтары болмады. “Біздің сақтау құрылғымыз 1,44 мегабайттық дискетадан жүз есе мықты және сиымдылығы жүз есе көп” деп шалқайғанмен, оның дискжетегі басқа еді, қымбаттау еді. Ал флоппи дисктің дискжетегіне ZIP дискета сыймады, өйткені, қалыңдау болды. Сол үшін нарық қабылдамады. Тиісінше, адамзат баласы CD шыққанша, лазер арқылы CD дискіге ақпарат жазу мүмкіндігі шыққанша, бейшара флоппиді місе тұтуға мәжбүр болды. Стив Джобс болса, өз компьютерлерінен флоппи диск атаулыны жәй ғана алып тастай салды.

Стилус туралы қозғап едік қой әңгімені. Қазір енді Стив Джобс тірі болса, қолдай ма, жоқ па білмедім. Бірақ Apple компаниясы стилус жасай бастады. Менің ойымша, Стив қолдар еді. Себебі, ол басында қарсы болған себебі, компаниялар сенсор экрандарын дұрыс істей алмаған соң стилус қолданған болатын. Қазір нарықтағы барлық компаниялар өз гаджеттерінің экранын саусақпен жұмыс істеуге икемдеп болды. Ал енді суретші, музыкант, график жасаумен айналысатын мамандар үшін стилустың қажеттілігі артып келеді.

Дегенмен, стилус үшін ғана Samsung Note смартфонын сатып алған мен, 2 жыл қолданған кезімде 2 рет қана стилус қолданған болармын. Сондықтан, стилус тек кейбір адамдар үшін ғана дер едім.

iPad-қа 10 жыл. Бұл құрылғы планшет әлеміне өте жақсы өзгеріс әкелгені сөзсіз. Алайда, жұрт күткендей ноутбук киллер бола алмады. Өйткені, гаджет ұстап жүрген 15 жылда менің түсінгенім, смартфон негізінен контент тұтыну үшін, планшет жартылай контент тұтыну, жартылау контент өндіру үшін, ал ноутбук/компьютер толықтай контент өндіру үшін. Сондықтан, планшеттің өзінің қолдану аясы бар. Дегенмен, басқа планшеттер бір төбе, iPad бір төбе екені сөзсіз;))

--

--

Тимур Бектұр

IT аналитик, жаңа медиа маманы, кәсіби лектор.