Дербес компьютерге, GUI-ге, Макинтошқа 36 жыл немесе Стив Джобс туралы

Тимур Бектұр
3 min readJan 26, 2020

--

Кейде бір өзіңше жаңаша іс жасайсың, оныңды ешкім қабылдамай жатады. Неше түрлі әңгіме айтады артыңнан, мақала жазады, барынша қарсылық көрсетеді. Сол кезде демотивация болып, пұшайман жағдайда түсіп қалатының жасырын емес. Өзіңді осы халыққа жау сияқты сезініп қаласың. "Амеикада болғанда ғой, мені қолдар еді" дейсің. "Осы дамыған елдерде барлығы инновацияға құштар, біздерде әйтеуір кері тартуға құмар" деп тағы налисың...

"Бақсаң бақа екен" демекші

Осыдан 36 жыл бұрын Стив Джобс атты аузынан ана сүті кеппеген жас бала (30-да) анау-мынау емес ғаламдық компьютер әлемін, Кремний Алқабын дүр сілкіндіріп, Apple Macintosh атты GUI (График юзер интерфейс) қолданған тұңғыш дербес компьютердің таныстырылымын жасады.

Әлі де болса, GUI дегенге түсінбей отырғандар болса, GUI (Graphic User Interface) деген ол сіздердің кәдімгі Құдайдың құтты күні "Пуск" деп басатын кнопкаларыңыз, "Мой компьютер" деген иконкаларыңыз, "Мои документы" деп құжаттарыңызды қарайтын бумаларыңыз және осының барлығын сіз, құдды бір, шынайы жұмыс үстелінде отырғандай әсер қалдыратын компьютердің адам түсінетін сурет бейнесі.

"Ал оның не жаңалығы бар?" дегендерге нақтырақ түсінікті болу үшін айта кетейін, оған дейін компьютерлер тек қана қара экран, ақ жазу, яғни "Командная строкадан" ғана тұрған. Ал компьютерді қолдану үшін адамзат баласы, міндетті түрде, программист болуы керек еді. Стивтің идеясы сол, ол "Компьютерді әр адам қолдана алуы керек және дербес компьютер әр үйде тұруы керек" деп есептеді. Оған қарсы шығып, "Адамдарға компьютер не керек?", "Қарапайым адамдар компьютер қолдайтындай бастарына не күн туып жатыр?", "Адамдар жалпы компьютермен не істейді өзі?" деген сияқты сұрақтар болған еді.

Әңгіме керітартпалық һәм консерватизм уә "асанқайғылық" боп тұр ғой. Сол кезде де біз "дамыған елдерде олай жасамайды" деп білетін АҚШ халқы мен техник, компотыршы инженерлері, жазармандары өре түрегеліпті.

"Бұл не деген икономания?!" деп ашуланыпты Chrys Goyens атты компьютер шолушысы. 1990 жылы Нью-Йорк Таймс та қазіргі біздің "Осы күнгі балалар планшет пен ютубтан бас алмайды" деген секілді стильдегі мына бір мақаласын жариялапты: http://www.nytimes.com/1990/09/06/garden/electronics-notebook-computers-that-mimic-desks.html

Ал Apple компаниясы орналасқан қаланың San Jose Mercury News деген газетінде тіпті "GUI Компьютерді студенттерге беру 16 жасар балаға спорт машинасын бере салғанмен бірдей" делінген екен. Яғни "GUI компьютерлер өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетіне нұқсан келтіріп, олардың ойлауы мен өресінің дамуын тежейді"-мыс.

Иә, әңгіме инновация мен көрегенділік туралы ғой.

Негізі компьютердің экраны тек қара фон мен бір жолақ жазудан ғана тұрмай, ол шынайы өмірдегідей де көрініске ие бола алатынын, яғни GUI-ді жасап шыққан Xerox компаниясының зерттеу лабораториясы болатын. (Иә, кәдімгі ксерокопия шығаратын ксерокс компаниясы).

Анау Стив Джобс сол зертханаға келіп-кетіп жүріп сіздер үшін осы күні түк жаңалық емес тышқан (мышка, mouse) мен GUI-ді көріп қалады да өз инженерлеріне шұғыл түрде тапсырма беріп, жеделдетіп өндіріске енгізеді. Сөйтіп, iPhone қалайша смартфон әлеміне революция әкелсе, Macintosh компьютері де дербес компьютерлер әлеміне үлкен дүмпу әкеледі.

Сізге қазір "Ана программаны свернуть ете салшы?" десе, сіз ешқандай да энциклопедия не гугл ақтарып, оның мағынасын іздеп кетпейсіз иә? Ал сол кезде ол процесті Стив Джобс өз инженерлеріне шашы ағарып, аузынан түкірігі шашырап, "Осылай болу керек, былай болу керек, әй, сен, миғұла, түсіндің бе мені? Сенің 2-ақ ай уақытың бар!" деп айқайлап жүрген болатын...

А, иә... Америка Америка дейміз, скептика, консерватизм, тіпті күншілдік пен қызғаныш деген тек қазақтың жеке-дара басына біткен қасиет емес. Былтыр анау АҚШқа іссапарға барып Vermont Diggers деген онлайн газеттің бас редакторынан "Сіздерде де адамдар Фейсбукте ауыздарына не келсе соны жазып, бір-бірімен төбелесіп жата ма?" дегенде ол жәй ғана жымиып: "People are people all over the world" деген болатын. "Адамдар барлық жерде бірдей" деген сөз.

Тәк ышто, адамзат тарихын алға жетелейтін, күнделікті жұмысымызды жеңілдететін, тұтас бір технология дәуірін тудыратын жаңа тенденцияларға задний тормозбен қарсы шыға бермей, арасында қабылдай да білейік.

Ал күні кеше 1,44 мегабайт флоппиге курстық жұмысын сала рефераты сыймай, рефератын салса, курсовойын сиғыза алмай жүрген кездерді бүгін ешкім есіне де алмайтын болар?!

#тарих #стивджобс #apple #ИТтірлік #ittirlik #тимурданинфо

--

--

Тимур Бектұр

IT аналитик, жаңа медиа маманы, кәсіби лектор.